Инфографика деген не? Инфографиканы құрастыру. Инфографика мысалы

Инфографика дегеніміз күрделі, ірі, елге түсініксіз ақпаратты графикалық жолмен көрсету, жалпақ жұрт көмейіне жете алатындай етіп жасау. Мысалы биологияда мынандай инфографика бар:

Инфографика деген не?

Жаңбыр жауып жер бетінде шөп өседі, оны шегіртке жеп семіреді. Шегірткені бақа ас етіп жеп тірлік етеді. Бақаны сұр жылан жеп өмір сүреді. Жыланды болса қыран қорек етеді. Бүркіт пен қыран мерт боп, шіріп, неше түрлі саңырауқұлақтарға азық болады. Ол саңырауқұлақтар жерді тыңайтып өздері де құриды. Демек бәрі қайтадан жерге оралады. Енді бұл онша күрделі инфографика болып табылмайды. Балаларға ғана арналған инфографика мысалы сияқты.

Инфографика әдісін пайдаланып пандемияларды көрсету

Бұдан күрделірек инфографиканы көрсетуге болады. Инфографика әдісі ол күрделі ақпаратты ықшам, көрнекті етіп көрсету. Мысалы әлем бойынша неше түрлі пандемиялар болған екен. Соның бірі Қытайдан шыққан ковид деген оңбағанды бәріміз білеміз. Осы ковидке дейін адамзат тарихындар неше түрлі пандемиялар, яғни бүткіл адамзат аумағында болған неше түрлі ауру, вирустар өтіп кеткен екен:

Пандемия инфографикасы

Осы суретте санақ сонау 165 жылдан басталып осы 2025 жылға дейін созылып жатыр. Жерде, байдын үйіндегі ақ мәрмәр сияқты етіп төселген тайтайшалар уақыт бағытын көрсетіп тұр. Оны ағылшынша Timeline деп атайды. Қазақи уақыт сызығы, уақыт желісі, уақыт бағыты дегендей. Осы уақыт сызығында 1347 жылғы пандемияны ескеруге болады. Ол да Қытайда пайда болып, Алтын Орда арқылы Еуропаға жеткен екен.

Алтын Орданың күйреуіне себепкер осы пандемия және құрғақшылық болған екен. Графикте Испан, Сарс, Эбола сияқты аурулар да бар. Неше түрлі ауруларды осындай сурет арқылы көрнекті етіп көрсетуге болады. Инфографикада сурет, схема, график, сандар, уақыт сызығы сияқты заттар кеңінен қолданылады.

Инфографиканың басты мақсаты адамға түсінікті етіп ақпаратты жеткізу. Егер мен тұрып 165 жылы осынша адам өлді, 541 жылы мынанша адам өлді деп тақылдап тұра қалсам сіз мені түсіне алмай қалуыңыз мүмкін. Ал мынандай сурет, инфографика арқылы сіз қандай аурудың қанша адамды мерт қылғаның лезде түсіне аласыз. Инфографиканың басты мақсаты жұртқа күрделі ақпаратты оңай жолмен жеткізу. Ел функция, x = 1, y = 2 дегенді түсінбейді. Одан гөрі соны сурет арқылы жеткізу керек. График не инфографиканы пайдалана отырып.

Инфографиканы құрастыру

Интернетте неше түрлі онлайн құралдар бар. Соның ішінде инфографиканы құрастыру үшін жасалғандары да бар. Мысалы мына сервис бар -https://www.canva.com/create/infographics/. Негізі бұдан басқалары да көп. Енді қолымен жасау қиын болғандықтан осындай сервистерді пайдаланып неше түрлі сәнді инфографикаларды құрастыра аласыз.

Сонымен қатар графикалық білімі бар адамдар Пойер Пойнт, Фотошоп, Корел Драу, Адоб Иллюстратор сияқты бағдарламаларды да пайдаланып жасай алады. Бірақ негізі сервистерді пайдалану тиімдірек сияқты. Өйткені ол жерде неше түрлі мысалдар бар. Ол жерде сіздің жұмысынызды жеңілдететін құралдар да жоқ емес бар. Қазіргі таңда Жасанды Интеллекті де пайдаланып осындай иконографикалық суреттерді жасай аласыз.

Последние записи